Анар Жайылғанова: Қашықтан жұмыс істейтін мемқызметшілер тұрғылықты жерінен ешқайда кетпеуі тиіс
Kyzylorda-news.kz. Қашықтан жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер тұрғылықты жерлерінен ешқайда кетпеуі тиіс. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Уақытша шектеу кезеңіне байланысты орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мемлекеттік қызметшілердің келесі санаттарын айқындауы қажет: ұйымның тыныс-тіршілігімен айналысатын жұмыс орнында болуы міндетті тұлға, бұл ретте қысқартылған кестені қолдану арқылы аталған тұлғаның жұмыста болуы мүмкіндігін қарастыру қажет; қашықтан режімімен еңбек қызметін атқаратын тұлға; еңбек демалысына жіберілетін тұлға», - деді ол.
Агенттік басшысының айтуынша, аталған тұлғаларға қатысты шарттар мен тәртіптер мұндай жұмыс режіміне мүмкіндік беретін еңбек заңнамасына сай болуы тиіс. «Қашықтан жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер тұрғылықты жерлерінде болып, өз қаласынан және елді мекенінен ешқайда кетпеуге шақырамыз. Қызметтік міндетті орындаумен қатар режімді сақтауға да барына жауапкершілікпен және байыппен қарау қажет», - деді Анар Жайылғанова.