Коронавирус: Қазақстандықтар онлайн психологиялық көмек ала алады

«Интернет-ресурста алдын ала өтінім беру арқылы психологтар мен психотерапевттен онлайн-кеңес алуға болады. Сонымен қатар, сайт бетінен азаматтар өздерін қызықтырған көптеген сұрақтарға жауап табады», – дейді Қазақстандағы коронавируспен күрес жөніндегі IT-штаб мамандары.
Онда өзіңізді мағазалаған сұрақтарға жауап алып, психолог және психотерапевтің онлайн қабылдауына жазылуға болады. Мамандар күйзеліске берілмей, стрессті басқару әдістерін айтады.
Сондай-ақ баларлармен коронавирус туралы қалай сөйлесу қажет және карантин кезінде үйдегі отбасы мүшелерімен қандай қарым-қатынас орнату керек деген сауалдардарға жауап береді.
Бірнеше күн бұрын іске қосылған психологиялық қолдау платформасын пайдаланғандар саны әзірге аз. Күніне 7-8 адам ғана кәсіби маманнан онлайн кеңес алған.
«Бірақ бұл тек басы ғана», - дейді психологтар. Себебі, әлемдік деңгейдегі күрделі мәселемен күресте кез келген адамға психологиялық көмек керек. Әсіресе, карантинде жатқандар ерекше қолдауға зәру.
«Бір жерде отырып қалғаннан кейін адамның күнделік өмірі біркелкі өтіп жатқан тәрізді болуы мүмкін. Өйткені тығырыққа тіреліп, іштей тоқырауға ұшырағандай көрінуі мүмкін. Ал маманның кәсіби тілмен түсіндіргені, кәсіби тілмен жеткізгені сіздің жаныңызға жай таптырып ары қарай сіздің өмір сүруге белсенділігіңізді арттыруы әбден мүмкін», – дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығының психологы Жұлдызай Алиева.
Карантин басталғалы еріксіз үйіне қамалғандардың бірі жалғыздықтан жабырқаса, енді бірі ұйқысы қашып, алдағы уақытта не болады деп уайымға салынған азаматтар. Сараптамаға сай, психологиялық көмекке жиі жүгінетін де осылар. Бұл санаттағы адамдарға 15 минуттық онлайн қабылдау өткізіледі.
Жалпы сайтқа Қазақстанның әр өңірінен 70-тен астам психолог тіркелген. Олар халықаралық тәжірибеге сүйеніп көмек көрсетеді. Онлайн қабылдаудың басым бөлігі орыс тілінде өтеді. Сайттың қазақша нұсқасы әлі толық іске қосылмаған.
«Үрей кезінде, ашуланған кезде, қатты қысылған кезде қобалжыған кезде, шаршаған кезде не болмаса жаман ойлардан арылу үшін қысқа да нұсқа жаттығулар бар. Соны қарапайым адам үйінде отырып жасауына мүмкіндігі бар», – дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығының психологы Жұлдызай Алиева.
Ал жағымсыз жаңалықтарды жүрегіне жақын қабылдайтын адамдарға психологтар ақпарат ағынын барынша азайтуға кеңес береді. Оның есесіне ән тыңдап, физикалық жаттығулар жасау немесе туғандарымен жиі сөйлесіп тұруды ұсынады. Және ең бастысы, бұл кезеңнің де өтпелі екенін ескерген жөн