Қызылорда: Төтенше жағдай режимін бұзған 179 тұлғаға 1,4 млн айыппұл салынған
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында төтенше жағдай режимін бұзу фактілері азаймай отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брфингте облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес төтенше жағдай режимі кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау қатаң бақылауға алынды. Стратегиялық маңызы бар объектілерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Адамдар көп жиналатын орындардың, түрлі қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылды. Ойын-сауық, спорттық және басқа да iс-шараларды өткiзуге тыйым салынды», – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, өңірде қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қосымша Ұлттық гвардия сарбаздары жұмылдырылған.
Сондай-ақ, ол облыста инфекцияны шоғырландыруына және таралуына жол бермеу мақсатында Қызылорда облысының бас санитарлық дәрігерімен 07.04.2020 жылғы №7 Қаулысы қабылданғанына тоқталды.
«Осы Қаулыға сәйкес азаматтардың тұрғын үйінен шығуға тыйым салынады, тек дәрілік заттарды, азық-түлік қажеттіліктерін алуға, медициналық көмекке және жұмысқа бару үшін жұмыс орнынан арнайы анықтама немесе куәліктерін көрсеткен жағдайда рұқсат етіледі. Сонымен қатар,55 жастан асқан азаматтарға көшеге шығуға тыйым салынды. Осындай шектеулердің орнатылғанын тағы да халықтың назарына жеткіземіз», – деді Талғат Айтбайұлы.
Десек те, белгіленген шектеулерге қарамастан облыс тұрғындары осы талаптарды ескермей, үйлерінде той-томалақ жасап, кафе, мейрамханалар және т.б. ойын-сауық орталықтары қызметтерін әлі де жалғастырып отырғаны жасырын емес.
Мәселен, төтенше жағдай уақытында облыста 17 үй иелері өз ауласында той жасаған, 48 кафе қызметтерін жалғастырған.
«Бізбен құрылған мобильдік топпен жүргізілген рейдтік шараның нәтижесімен төтенше жағдай уақытында белгіленген талаптарды орындамаудың 90 фактісі анықталды. Барлығына әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен 179 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 116-і қаралып, 54-айыппұл, 62-і әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды. Барлығына 1,4 млн. теңге айыппұл салынды», – деді ол онлайн брифингте.
Сондай-ақ, аудандар арасында қауіпті індетті жұқтырғандар ең көп анықталған Шиелі кентінде бірнеше компьютерлік клуб жұмыстарын жалғастырғаны үшін иелері сот қаулысымен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.
Сонымен қатар, блок-бекеттер қойылғанына қарамастан оны айналып өтпек болған 11 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
«Қазақстан Республикасының Президенті төтенше жағдай режимін бұзу жағдайлары бойынша қолданылатын жазаны барынша қатаңдатуды тапсырды. Бұл ретте, төтенше жағдай кезінде белгiленген режимдi бұзу, талаптарды орындамау, көрінеу жалған ақпараттарды тарату жағдайлары бойынша қатаң шаралар қабылданатынын түсіндіреміз», – деп атап өтті Т. Әлібаев.
Ал, осы кезеңде облысымыздағы қылмыстылық ахуал тұрақты көрінеді. Төтенше жағдай жарияланған 16-шы наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін барлығы 341 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 43%-ға азайған.
Оның ішінде меншікке қарсы жасалатын қылмыстар 65%-ға төмендеген, яғни ұрлық 60%-ға, тонау 20%-ға, қарақшылық 50%-ға төмендесе, қоғамдық орындарда жасалатын бұзақылық қылмыстары 67%-ға азайған. Зорлау және ауыр дене жарақатын салу қылмыстары тіркелмеген.
«Төтенше жағдай кезеңде қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу – басты мақсат. Бұл жөнінде нақты түсіндірмелер беріліп, оның ішінде көрінеу жалған ақпарат таратпау қажеттігі туралы құқыққорғау және жергілікті атқарушы органдармен тиісті түсіндіру жұмыстары ұдайы түрде жүргізілуде», – дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары.
Бірақ, төтенше жағдай кезінде жүргізіліп жатқан осындай жұмыстарға қарамастан, облыстың жекелеген тұрғындарымен «COVID-19»короновирустық инфекциясына таралуы туралы жалған ақпарат таратудың 11 дерегі тіркеліп, оның 1-і негізінен қарау үшін сотқа жолданса, қалған қылмыстық істер бойынша қысқа мерзімде тиісті процестік шешімдер қабылданған.
Бұған қоса, «COVID-19» диагнозы қойылған адамдардың жеке деректерінің таратылуының 2 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталған.
«Төтенше жағдай кезеңінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мəн-жайларға жатқызылған. Бұл дегеніміз, аталған кезеңде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға қатаң жаза қолданылады», – деді Т. Айтбайұлы.