Коронавирус: Жалған ақпарат таратудан Жаңақорған және Арал аудандары көш бастап тұр
Kyzylorda-news.kz. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Қызылорда облысында оның талаптарын бұзушылар мен коронавирус инфекциясына байланысты жалған ақпарат таратушылар күні бүгінге дейін азаймай отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Айтбайұлы мәлімдеді.
«Төтенше жағдай режимі жарияланған кезеңде қылмыс пен құқықбұзушылыққа жол бермеу жөнінде құқыққорғау және жергілікті атқарушы органдармен тиісті түсіндірме жүргізілгеніне қарамастан жалған ақпарат тарату деректері орын алуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы, Жаңақорған және Арал аудандарында «COVID-19» диагнозымен емделіп жатқан тұлғалар бар екендігі туралы шындыққа жанаспайтын, көрінеу жалған ақпараттардың «Whats-app» мессенджері арқылы таратылуының 7 фактісі анықталды. Бұл 7 факті бойынша полиция органдарымен ҚК-тің 274-бабы 4-бөлігінің 2)-тармағымен (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды», – деді Талғат Айтбайұлы.
Оның айтуынша, көрінеу жалған ақпарат дегеніміз – толығымен ойдан құрастырылған не шынайы деректерді елеулі өзгеріске ұшыратып жасалған, белгілі бір процесс туралы жалған пікір қалыптастыруға бағытталған, ресми көздермен расталмаған ақпарат. Мұндай әрекет төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалатын болса, ол ауырлатушы мән-жай ретінде қарастырылып, ауыр қылмыс ретінде сараланады.
«Аталған қылмысты жасаған тұлғаларға үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, өңірде «COVID-19» диагнозымен ауырған тұлғалар мен олармен байланыста болған адамдардың жеке өміріне қатысты мәліметтерді заңсыз таратудың 2 дерегі анықталған.
Аталған деректер бойынша тиісті органда қылмыстық істер тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 147-бабымен (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
«Мұндай әрекет үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше жағдай режимін бұзу жағдайлары бойынша қолданылатын жазаны барынша қатаңдатуды тапсырды. Бұл ретте, төтенше жағдай кезінде белгiленген режимдi бұзу, талаптарды орындамау, көрінеу жалған ақпараттарды тарату жағдайлары бойынша қатаң шаралар қабылданатынын халықтың назарына тағы да жеткіземіз», – дейді ол.