Коронавирус: Арал ауданында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Kyzylorda-news.kz. Короновирус инфекциясынан сақтану және алдын алу бағытында Арал ауданында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Қазір дерттің таралуын болдырмау үшін тұрғындар көпшілік орындардан оқшауланып, үйде болуы қажет.
Сондай-ақ, тұрғындардың тек қажеттілігіне қарай көшеге шығуына рұқсат етіліп, белгіленген уақыттан кейін автокөліктердің жүруіне де шектеу қойылды.
Бүгін аудан прокуроры Асхат Тәженов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Әміржан Өтегенов төтенше жағдай және карантиндік режимге сәйкес енгізілген талаптар мен шектеулер жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аталған азаматтар қала көшелері мен сауда орталықтарын аралап, автокөлік жүргізушілері мен тұрғындарға бекітілген талаптарды қатаң сақтап, жауапкершілікпен қарауға шақырып, арнайы әзірленген үнпарақтар мен жадынамаларды таратты.
Еске салайық, елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау дерегі анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.