Қазалыда төтенше жағдай тәртібін бұзған 42 адам жазаланды
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында шектеу шараларына қарамастан төтенше жағдай режимін бұзғандар саны азаймауда.
«Бүгінгі күнге дейін ауданда карантин талаптарын орындамаған 42 азамат анықталып отыр. Төтенше жағдай кезінде 6 аудан тұрғыны ұжымдық, жанұялық жиындар өткізуге жол берсе, 4 кафе мен тойхана, 3 азық-түлік дүкенінің иесі карантин талаптарын орындамаған. Ал, 6 тұрғын негізсіз автокөлікпен жүрсе, 6 азамат үйінен ешқандай себепсіз шыққан. 9 аудан тұрғыны төтенше жағдайға байланысты қойылған блок посттарды айналып өтекші болған. Оған қоғамдық орындарда медициналық маска тақпай жүрген 6 адамды қосыңыз. Барлығына да аудандық полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырып, материалдары аудандық сотқа жолдануда», – деп хабарлады Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Құқық бұзушылықтарды анықтауда аудандық полиция қызметкерлерімен қатар, арнайы құрылған мобильдік топтың мүшелері де көп үлес қосуда. Олар учаскелік полиция инспекторларымен бірге азық-түлік дүкендерінің белгіленген уақытта жабылуын қадағалап, күнделікті рейдтік тексерулер жасап жатыр.