Министр: Елімізде миллиондаған адам жеке кәсіпкерлікті «керек болып қалар» деп ашып қойған
Kyzylorda-news.kz. Елімізде миллиондаған адам жеке кәсіпкерлікті «керек болып қалар» деп жай ашып қойған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мыңдаған, миллиондаған адам жеке кәсіпкерлікті «керек болып қалар» деп жай ашып қойған. Олар жұмыс істеп жатқан жоқ. Енді сол жеке кәсіпкерліктің атынан өтініш берейін десе, соңғы 12 айда ештеңе төленбеген, өтпейді. Содан бірыңғай жиынтық төлем төлей салайын дейді. Ол да өтпейді. Себебі бірыңғай жиынтық төлем қарапайымдатылған салық режимі саналады», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жеке кәсіпкерлігін тіркеген адамдарға 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуға құқығы бар екендігі туралы хабарламалар жіберілген.
«Басында жеке кәсіпкерлердің барлығынан өтініш алмай төлей салсақ деп ойлаған едік. Бірақ, анықтау үшін смс-хабарлама жібердік. Содан анықталғаны, жеке кәсіпкерлікті жай ғана ашып қойғандар бар екен. Олардың екінші жұмысы бар. Кейбіреулері әлеуметтік желіде «мына кісілер жұмысым бар екендігін білмейді екен» деп кекетіп жазғандары да бар. Солардың барлығын саралай келе, жеке кәсіпкерлер өздері өтініш бермесе, төлемейміз деп шештік. Жеке кәсіпкерлігі бар азаматтар, міндетті түрде өтініш бересіздер», - деді Біржан Нұрымбетов.