Танымал дәрігер COVID-19-дан жазылғандардың болашағы туралы айтты
Kyzylorda-news.kz. Ресейлік аллерголог-иммунолог Владимир Прокопенко коронавирустық инфекцияны емдеудің толық мүмкіндігі бар екенін айтады. Бірақ оны жеңгеннен кейін вирустың адам ағзасындағы әрекеті беймәлім күйде қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Қазіргі кезде коронавирус дертінен айыққан науқастар көбейіп келеді. Ал инфекция жұқтырғандарды емдеу үшін құрамында антиденелері бар қан плазмасы қолданыла бастайды. Маман пікірінше, ендігі жерде сауығып шыққан адамның денесінде COVID-19 вирусының бар-жоғын зерттеу қажет.
«Сауығып шыққан адамның мұрын қуысынан сынама алып, талдау жасағанда оның таза екенін анықтаймыз. Бұл жағдайда вирус мұрын қуысында емес, өзге вирустар сияқты өкпеде немесе басқа дене мүшелерінде қалуы мүмкін. Егер осылай болса, бұл сұраққа бүгін жауап бере алмаймыз. Оның жауабы алты айдан кейін немесе бір жылдан кейін ғана табылады», – деді Прокопенко.
Аллерголог-иммунолог аурудан айыққан адам ағзасында қалған вирустар әрқашан қауіпті бола бермейтінін атап өтті. Ол емделіп болғаннан кейін, коронавирустың қалай жоғалатынын анықтау керек деп санайды.
«Бұл вирустар адам ағзасымен бірге өмір сүрудің бірнеше формаларына ие болып, олар организмде өмір сүретін вирустарға айналуы мүмкін және жедел респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) тудыратын басқа да көптеген вирустар сияқты ауру туғызбайды. Бұл вирус адаммен бірге өмір сүре ме, әлде ол толығымен кете ме? Ағзаға қалай әсер етеді және оның әрбір жаңа вирустармен өзара әрекеттесуі қалай? Қазіргі вирусология және иммунология ғылымы алдында тұрған негізгі сұрақтар осындай, біз оларға жауап беруіміз керек», – деді иммунолог Прокопенко.