Бахытжан Сайлыбаев: «Қиындықты еңсеруге әрбіріміз жауаптымыз»

Осынау сындарлы сәтте аймақ тізгінін қолына алған Гүлшара Наушақызы алғашқы күннен ақ ең басты назарды осы аталған жаман індетпен күреске аударды.
Жергілікті телеарналар арқылы аймақ тұрғындарына арнаған үндеуінде елімізде короновирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай жариялай отырып, облыс жұртшылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуга бағытталған қатаң шаралар қабылдауды талап етті. Соның нәтижесінде індетке қарсы қорғаныс шаралары барынша қолға алынып, тиімді тетіктер мен мүмкіндіктердің бәрі қарастырылып, аймақтағы ахуал жайлы облыстық жедел штаб күн сайын ақпарат беріп келеді.
Бірақ, аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қабылданған қатаң шаралардан бөлек аурудың таралуын болдырмаудың ең басты шарты – әркімнің өз отбасында оқшаулануы екендігін білсек те, кейбір азаматтар осы мәселеге әлі де жете мән бермей келеміз. Облысымыздағы індет ошақтарының көбеюі де осындай салғырттығымыз бен бейқамдығымыздың нәтижесі екендігін біле тұра, ел арасында төтенше жағдай талаптарына бойұсынбау деректерінің әлі де орын алатындығы қынжылтады.
Тіпті кейбіріміз сенімсіздік білдіріп, астарынан саясат іздеп, елдің ойын сан-саққа жүгіртудеміз. Әлемнің небір алпауыт мемлекеттері дәрменсіздік танытып, кәсіби мамандар дабыл қағып жатқанда, бұлайша сенімсіздік таныту еш ақылға сыймайды. Бұл дерт, әсіресе, балаларымыз бен қарттарымыз үшін өте қауіпті, сондықтан өз жеке басымызды ғана, жақындарымызды ғана емес, бүкіл елдің амандығын ойлайық ағайын!
Қаншама медициналық қызметкерлеріміз осы дертпен бетпе-бет келіп, науқастарды емдеуде уақытпен де санаспай, өз бастарын да қатерге тігуде. Аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күндіз-түні үй бетін көрмей қаншама құқық қорғау саласының қызметкерлері жүр! Құрметті ағайын, олардың да өз денсаулықтары өздеріне қымбат, олардың да жанын шүберекке түйіп, тілеуін тілеп отырған ата – анасы, отбасы, бала-шағасы бар екенін де ұмытпайық. Бұл дерт қазір ешкімге де оңай тиіп тұрған жоқ. Олай болса, алапат індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген бейбіт күннің батырларының еңбегін еш қылмайық, оларға көрсетер құрметіміз де, алғысымыз да соншалықты қиын да емес, ол – әрбіріміздің тек үйде болуымыз ғана!
Мұнан бөлек, қандай қиындық жағдай болса да, балаларымыздың амандығы мен білімнен қол үзіп қалмасы үшін, бүкіл еліміздегі жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары, оның ішінде аймағымыздағы 293 мектептің 161 780 оқушысы, сонымен бірге колледждер мен университеттердің 25000-нан аса студенттері үйде отырып қашықтықтан оқу жүйесіне көшірілді. Әрине, күтпеген жерден, алдын-ала дайындықсыз, тек тәуекелдікпен қолға алынған жүйеде білім берудің мұғалімдер үшін де, оқушы үшін де кездесетін қолайсыздықтары мен қиындықтары жетерлік. Бұған ұстаздар қауымымен бірге ата аналар да түсіністікпен парасаттылықтарын танытуда. Осындай қиындықтардан шығар жол тауып, аса жауапкершілікпен өз міндеттерін адал орындап жүрген ұстаздар қауымының еңбегін де ерекше бағалауға тиіспіз.!
Мынадай алапат дерт алқымнан алып тұрған зауал сәтте қоғамдық ортада да, әлеуметтік желілерде де билікке айтылып жүрген сын да аз болмай тұр. Әрине, сын айтқан дұрыс та шығар, адам да, қоғам да сол сынға қарап түзеледі. Тек сол сынды басқалай емес, сыналушының жетесіне пайымды, сындарлы оймен, жағымды түрдегі жанашырлықпен жеткізе білсек, ол санаға да сіңімді болар еді-ау.
«Істеу қиын, сынау оңай», «Сынасуға жараған, сыйласуға да жарайды» деген халық тәмсілдерін де қаперге ала жүрсек жарар еді.
Қазақтың басынан әр кезеңдерде түрлі қауіп – қатер де, аштық та, жоқтық та өткен, соның бәрін халқымыз «Жоқты бар десең – құт болар, барды жоқ десең жұт болар» деп сабырлылықпен жеңген. Дана Абай да «...сабырсыз, арсыз, еріншек...» деп, сабырсыздықты адамдағы ең жаман қасиеттің қатарына қойған. Сондықтан, уақытша қиындықты көтере алмай, шыдамсыздық танытып, үйде отырмай, көшеге шығып, өзгеге ғана емес, өз жақындарымыздың өміріне де қауіп келтірмейік ағайын!
Қазіргі күні жұртшылық арасындағы да, әлеуметтік желідегі де алыпқашпа әңгіме, әсіресе, еліміздегі төтенше жағдай жарияланған кезеңде табыс көзінен айрылған, немесе ақысыз еңбек демалысына шығарылған азаматтарға арналған 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемақы төңірегінде болып жатыр. Ресми ақпарат бойынша бүгінгі күнге дейін 42 500 теңге жәрдемақы 3 млн 960 мың адамға тағайындалып, бюджеттен 157 млрд теңге бөлінген екен. Осындай қиын сәтте түрлі бюрократиялық кедергілерді болдырмас үшін аталған төлемақы, дәләлді құжаттар талап етілмей-ақ, азаматтардың өз өтініштері негізінде ғана тағайындалып келеді.
Бірақ, бүгінгі күні осы әлеуметтік жәрдемге «көппен бірге әйтеуір ала берейік» деген пиғылмен тұрақты жұмысы бар, айлығы жүріп тұрған қызметкерлер де, тіпті шетелде тұратын азаматтардың да, ең сорақысы – қайтыс болып кеткен жандар атынан да сұраныс берілгені - бұл елдігімізге де, қазақи ұлттық болмысымызға да жат құбылыс, адамгершілігімізге де үлкен сын, ойланайық!
Құрметті ағайын!
Елімізде жарияланған төтенше жағдай мерзімінің ұзақтығы, ол тек өзіміздің карантин талаптарын қаншалықты сақтайтындығымызға, артық жүрісті тоқтатып, қаншалықты өз-өзімізді оқшаулай алатындығымызға байланысты екендігі аз айтылып келе жатқан жоқ.
Сондықтан да әрбір қызылордалықты осынау қиын сәтте халқымыздың амандығы үшін барынша сабырлы, ұстамды және қоғам алдында жауапкершілікті болуға шақырамын!
Сыр жұртшылығы осынау сындарлы сәтте ауызбіршілік танытып, аты жаман дертпен күреске өз үлестерін қосады деп сенемін! Қиындықты еңсеруге әрине, әрбіріміз де жауаптымыз! Аман болайық, бірге болайық, үйде болайық!
Бахытжан САЙЛЫБАЕВ,
облыстық қоғамдық кеңес төрағасы.
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры
облыстық қоғамдық кеңес төрағасы.
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры