COVID-19: Қармақшыда анықталған науқас – Тараз қаласының тұрғыны
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 179 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан жағдай тіркелген жоқ. Бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстағы эпидемиологиялық ахуалды баяндады.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 179 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан жағдай тіркелген жоқ. 179 жағдайдың 46-сы – Қызылорда қаласынан, 4-еуі – Арал, 2-уі – Қазалы, 5-уі – Қармақшы, 26-сы – Сырдария, 66-сы – Шиелі, 30-ы – Жаңақорған ауданынан. Бір науқас – Тараз қаласының тұрғыны. Ол алысқа қатынайтын жүк көлігін жүргізуші болып жасаған. Денсаулығы мазалған соң, Қармақшы аудандық ауруханасына көрінген. Сол жерде сынама тест алынып, диагнозы анықталды. Қазіргі таңда Қармақшыда ем алып жатқандықтан, біздің облыстың көрсеткішіне қосылып отыр», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 179 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2658. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1361, потенциалды байланыста болғандар – 1297 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 80, правизорлық стационарда – 53, карантиндік стационарда – 490 адам бақылауда.
Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 571 тест сынамасы жасалыпты.
«Соңғы тәулікте 571 тест сынамасы жасалды. Оның 421 – теріс мәнді болып шықты. Ал, 147 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 6440 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы соңғы тәулікте емін аяқтап, отбасыларына оралған науқастар туралы да мәлімдеді.
«Соңғы тәулікте 19 науқас емін аяқтап, отбасыларына оралды. Оның ішінде, Шиеліден – 11, Сырдариядан – 5, Жаңақорғаннан – 1, Қызылорда қаласынан – 2 науқас жазылып шықты. Облыс бойынша қауіпті індеттен айыққандардың жалпы саны – 99 адамды құрайды. Осы жазылған науқастардың арасында 9 медицина саласының қызметкері бар. Бүгінде карантин талаптарын сақтаудың арқасында, қарым-қатынас арқылы жұғу көрсеткіші тоқтады», – деді Ж. Әбілқасымұлы.
Айта кетейік, бүгін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 179 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.