Қала әкімі диханшыларға сәттілік тіледі (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалаға қарасты Ақжара ауылдық округінің «Мағжан и К» ЖШС егіс алқабында алғашқы дән сеуіп, диханшыларға сәттілік тілеп, күріш егу науқанын бастады.
Көктемгі егіс науқанының жүргізілу барысы туралы қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Даулетбек Әбдірасулов қала бойынша көктемде ерте егілетін бидай, арпа, жоңышқа, т.б. егілгендігін, сонымен бірге егіске қажетті тыңайтқыштардың, жанар-жағар маймен қамтамасыз етілуі, көктемгі дала жұмыстарының қажетті техникалары егін егу жұмыстарына толық дайын екенін жеткізді.
«Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев көктемгі егін науқанының жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқанын, жылдық өнім 60-65 центнер/га, яғни жалпы ауданы 748 га болатын, оның ішінде 120 га бидай, 158 га ескі жоңышқа егілсе, 470 га алқабына күріш егілетіндігін жеткізді.
«Өткен аптада облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Сырдария ауданының егіс алқабында алғашқы дән сеуіп, жаппай күріш егу науқанын бастаған болатын. Биылғы жылдан бастап күріш дақылы егісін тұрақтандырып, басқа да дақылдардың көлемін ұлғайтуымыз қажет деген», – шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар мәселелерді қазірден бастап шешу керектігін сала мамандарына ескертті.
Бірінші кезекте, жұмыстың агротехникалық талаптарға сай жүргізілуін, Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді тиімді пайдалану қажеттігін жеткізе отырып, диқандармен пікірлесті. Қазіргі уақытта Сырдария өзеніндегі жағдай тұрақты. Дегенмен, биылғы жылы су қоймаларында жиналған су көлемін ұдайы бақылауда ұстау керектігін айтты.
Алғашқы күріш егу науқанында еңбек ардагері Серік Сейтназаров шаруаларға ақ батасын берді.
Жалпы биыл, көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қала бойынша 7395 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыру межеленген.
Қазіргі таңда төтенше жағдайға қарамастан шаруашылықтар бойынша ерте көктемде егілетін жаздық бидай 292 га, жаздық арпа 20 га, сұлы 5 га, мақсары 40 га, жаңа жоңышқалар 356 га мен сорга 80 га дақылы егілді. Барлығы: 793 гектар құрап отыр. Кестеге сәйкес негізгі күріш 3033 га дақылын егу жұмыстарын 27 сәуірден бастап, 30 мамырға дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, 600 гектар картоп, 1086 гектар көкөніс, 877 гектар бақша дақылдары егіледі. Егін егу науқанына қажетті барлығы 705 тонна дизель отыны бағасы литрі 162 теңге Үкіметтің қолдауымен ауылшаруашылық тауарын өндірушілеріне арзандатылған бағада жеткізілуде. Наурыз айына бөлінген 185 тонна жеңілдетілген дизель отыны ауыл шаруашылығы құрылымдарына толығымен жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін су шаруашылығы нысандарын дайындау, су жүйелерін тазарту жұмыстары толығымен 100 пайызға орындалды.