Денсаулық сақтау министрлігі көшеде бетперде киюдің қажеттілігін түсіндірді
Kyzylorda-news.kz. ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев көшеде маска тағу талаптарын түсіндірді.
«Маска тағу - ағзаны вирустан қорғаудың бір механизмі екенін түсінуіміз қажет. Жабық ғимаратта, яғни дүкендер мен дәріханада, көлік ішінде маска тағу міндеттелген. Әсіресе, ауру белгісі байқалған адамдардың қасында немесе өзіңізде қызу, жөтел, түшкіру пайда болса, міндетті түрде масқа тағыңыз»- деп атап өтті Т. Сұлтанғазиев Facebook желісінде өткен онлайн брифингте.
Сонымен бірге, халық арасындағы инфекция көлемін азайту мақсатында көшеде де маска тағу ұсынылады.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, адам 3-5 минут сайын бетін ұстайды. Бұл да COVID-19 жұқтыру қаупін күшейтеді. Осыған байланысты, барлық жастағы адамдарға көшеде де маска тағып жүруге кеңес береміз. Әсіресе, көптеген адамдар маскамен аузын жабады да, мұрнын ашық қалдырады. Масканы 2-3 сағат сайын ауыстырмайды. Әрине, маскадан бөлек, қол жуу, антисептикпен сүрту сынды өзге де қағидаларды ұстанған жөн», - деді Т. Сұлтанғазиев.