Байқоңырдағы пробация есебінде тұратындар еріктілердің қатарына қосылды (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда Байқоңыр қалалық пробация қызметінде 101 азамат есепте тұр. Осы азаматтардың арасынан шыққан еріктілер «Жастар ресурстық орталығы» Байқоңыр қалалық бөлімінің еріктілері қатарына қосылып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, оларға азық-түлік себеттерін сыйға тартты.
«Біз кеше Байқоңыр қаласының тұрғыны, тыл ардагері Күнзила Кішкенеева әжемізді құттықтап, Ұлы Отан Соғысындағы Жеңіске 75 жыл төсбелгісін табыс еттік. Әжейге бүгінгі бейбіт күн, ашық аспанымыз үшін алғысымызды білдірдік. Күнзила әжеміз тылдағы күн-түн демей еңбек еткен күндерін еске алып, біздерге баяндап берді. «Біздің көрген қиыншылығымызды сендер көрмеңдер, келешек сендердікі, елге адал қызмет етіңдер!» деп ақ батасын берді», – деп хабарлады біздің ақпарат агенттігіне Байқоңыр қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны А. Танбаев.