Дәмханалар, мешіттер мен балабақшалар ашылды
Kyzylorda-news.kz. 18 мамырдан бастап Қазақстанда бірқатар нысан ашылды. Қонақ үйлер, мейрамханалар мен дәмханалар, балабақшалар және мешіттер қызметін қайта бастады. Десе де, оларға бірқатар санитарлық талапты сақтауға тура келеді.
Мешіттер кешкі сегізге дейін ғана ашық
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дүйсенбіден бастап бүкіл мешіт ашылмайтынын ескертті. Облыстарда мешіттер коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес ашылады.
Мешітте санитарлық талаптарды қатаң сақтаумен жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға рұқсат етіледі.
Қазақстан мұсылмандары мына талаптарды орындауы тиіс:
- мешітке маска және қолғап киіп келу;
- антисептик қолдану;
- жеке құлшылық кезінде 1,5 метр ара қашықтықты сақтау;
- Құран оқитын бөлмеге 1,5 метр ара қашықтықты сақтай отырып, он адамнан артық кірмеу;
- неке қидыратын бөлмеге төрт адамнан артық кірмеу.
Сонымен қатар, мешіт ішінде он бес минуттан артық қалуға болмайды.
Індеттің таралуына жол бермес үшін әзірге жамағатпен оқылатын бес уақыт жұма намазы мен тарауық намазына шектеу қойылып отыр.
Мешіттер есігін айқара ашқанмен, қазақстандықтар Қадір түнін үйде қарсы алады. Себебі мешіттер түнде жабық, тек күндіз таңғы 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ашық болады.
Биыл Қадір түні мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге түсіп тұр.
Балабақшалар қалай жұмыс істейді?
Бір апта бойы коронавирус жұқтыру өсімі 7%-тен аспаса, өңірлерде балабақшаларды ашуға рұқсат етіледі. Өткір респираторлық вирустық инфекциясы бар бүлдіршіндер балабақшаға кіргізілмейді.
18 мамырдан Нұр-Сұлтанда мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі қайта жанданды. Балабақшалар, бірінші кезекте, жұмыс істейтін, баламен үйде отыруға мүмкіндігі жоқ ата-аналар үшін ашылып отыр.
Әрбір балабақшада бала саны 15-тен аспайтын кезекші топтар ашылады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.
Балабақшаға денсаулығы туралы анықтамасы бар бүлдіршіндер ғана қабылданады. Анықтаманы учаскелік педиатор береді. Балабақшада ата-анасының көзінше баланың дене қызуы өлшенеді.
Егер бала карантин кезінде үйде қалса, онда оның мектепке дейінгі ұйымдағы орны сақталады. Ата-аналар тәрбиешіге баланың балабақшаға баратынын бір күн бұрын хабарлауы тиіс.
18 мамырдан арнайы ұйымдар, психологиялық-медициналық және педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету бөлмелері, оңалту орталықтары санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жұмысын жалғастырады. Ерекше қажеттілігі бар баланың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіледі және жаңа оқу жылына баратын балаларға арналған оқу бағдарламасы анықталады.
Балабақшалар штатты режимде 1 маусымнан бастап жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.
Мейрамханалар мен дәмханалар да ашылды
18 мамырдан қонақ үйлер, 30 орындық қоғамдық тамақтану орындары мен ашық аспан астындағы мейрамханалар мен дәмханалардың қызметіне рұқсат берілді. Десе де, олар республиканың барлық өңірінде дүйсенбіден бастап ашылмайды. Мәселен, Алматы әкімдігі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мешіттер, қонақ үйлер мен тамақтану орындарын 25 мамырдан ашуды жөн көрді.
Кәсіпкерлер барлық қызметкер мен қонақтар үшін қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге міндетті. Қызметкерлер жеке қорғаныш құралдарымен: маска, қолғап, қажет болған жағдайда, бас киім және халатпен қамтамасыз етілуі тиіс.
Адамдар арасында екі метр ара қашықтық сақталуы қажет.
Сонымен қатар, қонақ үйлер, мейрамханалар мен дәмханалардың кіреберісінде антисептик тұруы керек.