1 маусым: Атаулы күндер мен оқиғалар
Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясының конгресінде 1949 жылы ресми түрде бекітілді. 1950 жылдан бастап тұрақты түрде атап өтіледі. Мұндай мерекені бекіту туралы ұсыныс алғаш рет 1925 жылы Женевада өткен Дүниежүзілік конференцияда жасалды.
1920 жылы Қазақстанның басты шаруашылық органы - Бүкілресейлік халық шаруашылығы құрамында Қырғыз (Қазақ) өнеркәсіп бюросы құрылды.
1946 жылы СССР Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі негізінде қазіргі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ашылды. Алғашында бөлімшеде 16 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибе стансасы, 3 ботаника бағы болды. Академияның алғашқы құрамына 14 академик: Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Илларион Галузо, Михаил Горяев, Ахмет Жұбанов, Николай Кассин, Ісмет Кеңесбаев, Николай Павлов, Михаил Русаков, Қаныш Сәтбаев, Нығмет Сауранбаев, Гавриил Тихов кірді. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бірінші президенті болып көрнекті ғалым, қайраткер, академик Қаныш Сәтбаев сайланды. 1991 жылы наурыздың 20-да Ғылым академиясына жаңа ғылыми мекемелер құру мен іргелі ғылыми-зерттеулер бағыттарын айқындау мақсатында кеңейтілген құқық беріліп, жаңадан Физика-техника, Механика және машинатану, Археология, Ғарыштық зерттеулер, Информатика және басқару мәселелері, Мемлекет және құқық, Қолданбалы математика, Жер қойнауларын кешенді игеру мәселелері институттары құрылды.
1991 жылы «Қазақфильм» базасында құрылған «Катарис» шығармашылық бірлестігі Балқашта «Людоед» көркем фильмін түсіруге кірісті. Фильмде 1954 жылғы КарЛаг саяси тұтқындарының көтерілісі суреттеледі. Режиссері әрі сценарий авторы - Г.Ф. Земель. Түсірілім бұрынғы зонаның орнында, Коунрад кенішінің карьерінде және геологтар ауылында жүргізілді.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен «Жеті жарғы» баспасы құрылып, алғашқы директоры болып Түрікпенбаева Ділбар Дадоханқызы тағайындалды.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев АҚШ Бейбітшілік корпусының Қазақстандағы миссиясының директоры Пол Бурнор бастаған өкілдерін қабылдады.
1994 жылы қазақ жазушысы Оралхан Бөкей тұрған Алматының Жамбыл көшесінде мемориалды тақта орнатылды.
Оралхан Бөкей (1943-1993) - қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Николай Островский атындағы әдебиет сыйлығының лауреаты, Қатонқарағай ауданының құрметті азаматы.
1997 жылы Францияда ұлы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Қазақстан күндері өтті.