Қызылордада биыл 11 адам суға кетті
Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылы Қызылорда облысының су айдындарында 10 оқиға тіркеліп, 11 адам қайтыс болды. Оның 5-еуі бала. Бұл туралы Өңірлік коммуникаицялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Қайрақбаев баяндады.
«Облыстың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен бақытсыз жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға шомылу кезеңінде олардың санының өсетіні өздеріңізге мәлім. Жыл басынан бері 11 адам қаза тапты. Оның 3-уі балық аулау кезінде, 2 адам (оның 1 бала) белгісіз жағдайлар кезінде, яғни қалқып жүрген денесі табылды. Ал 1 бала арыққа құлау кезінде, 5 адам (оның 3 бала) суға түсуге арналмаған орында суға шомылу кезінде батып кеткен. Сондай-ақ,1 адам құтқарылды. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады», - деді Руслан Қайрақбаев.
Суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіндігі де қайғылы жағдайдың көбеюіне ықпал етуде. Сонымен қатар, соңғы жылдары ұжымдар мен оқу орындары жастарының жаз айларында табиғатқа шығып, демалыстарын өзен мен көлдердің жағасында ұйымдастыруы көптеп орын алуда. Осындай кейбір демалыстар бақытсыз жағдайлармен аяқталып жатады.
Құрметті облыс тұрғындары суға түскенде сақтық шараларын қатаң сақтаңыздар!