Шиеліде 8-сынып оқушысы суға кетті
Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында бір аптада екі адам суға кетті, деп хабарлайды Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз қызметі.
14 маусымда Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм ауылындағы Ханқожа көліне 28 жастағы азамат батып кетті. Оның денесін судан достары алып шыққан. Ол шомылуға арналмаған жерге түскен.
Сондай-ақ ауданға қарасты Ә.Тәжібаев ауылында 8-сынып оқушысы елдімекенге жақын жердегі Телікөл каналын атпен кешіп өтпек болып, суға кеткен. Оқушының мәйітін ауыл тұрғындары шығарған.
«Қызылорда облысында жыл басынан бері 15 адам суға кетіп, көз жұмды. Бір адам құтқарылды. Соңғы аптада үш адам суға кетті. Тұрғындардан барлық қауіпсіздік шараларын сақтауын сұраймыз», - делінген хабарламада.