Қасым-Жомарт Тоқаев: Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты
Kyzylorda-news.kz. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Бұл туралы «BIZ BIRGEMIZ» онлайн форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен құқық қорғау органдарының да еңбегін ерекше атап өткім келеді. Елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отыр. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Сіздер күрделі төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өттіңіздер. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадалағап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Тіпті қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды. Әрине, кәсіби тұрғыдан біліксіздік танытқан полиция қызметкерлері де жоқ емес. Осындай жекелеген жағдайдар бүкіл құқық қорғау органдарының беделіне зиян келтіреді. Дегенмен, тәртіп сақшыларының басым бөлігі адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды», - деді Қазақстан Президенті.
Осы ретте Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелері - Полиция күнімен шын жүректен құттықтады. Мемлекеттік қызметшілердің және ақ халатты абзал жандардың да төл мерекесі құтты болсын деген тілегін жеткізді.
«Отан алдындағы сертке берік болғандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Сондай-ақ әскери қызметкерлер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, қайырымдылық ұйымдардың өкілдері, журналистер және басқа да белсенді азаматтарымыз зор құрметке лайық. Сіздердің арқаларыңызда коронавируспен күрестің күрделі кезеңдерін еңсеріп келеміз. Баршағызды бейбіт күннің батырлар деуге болады. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.