Сырдариядағы мәдениет үйі жөндеуден өтуде
Kyzylorda-news.kz. Ауданның басты мәдениет ошағы саналатын аудандық мәдениет үйі биыл аудандық бюджеттің есебінен ағымдағы жөндеуден өткізіліп жатыр. Осы жұмыстардың атқарылу барысымен аудан әкімі Руслан Рүстемов танысты.
Құрылыс жұмыстарымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев таныстырды. Бөлім басшысы биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен Тереңөзек кент клубы мен А.Тоқмағамбетов ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп жатқандығын айтты. Ал жергілікті бюджет есебінен аудандық мәдениет үйі және Қалжан ахун ауылдық мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтуде екенін жеткізді.
Аудандық мәдениет үйі 1973 жылы салынған. Бұған дейін 2013 жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Ал биыл аудандық бюджеттен 12 млн 320 мың теңге бөлініп, мердігер компания «Ремстрой» ЖШС ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Мердігер мекеме директоры А.Бейісов ағымдағы жөндеуді бекітілген мерзімде бітіруге жұмыстар жасалып жатқандығын атады. Қазіргі таңда мәдениет үйінің шатыры жаңартылуда және іші жөнделуде.
Аудандық мәдениет үйін аралап көрген аудан басшысы құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілу керектігін атап өтті.
«Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы. Адамның мәдениеттілігі оның бүкіл болмысын көрсетіп тұрады. Осындай рухани құндылықтарды дәріптейтін мәдени ошақтардың жаңарып, жаңғыртылуына үнемі көңіл бөліп келеміз. Аудандық мәдениет үйінің ағымдағы жөндеу жұмыстары ауданның мәдениет саласының дамуына септігін тигізеді деп санаймын. Сол себепті құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуі үнемі бақылауда болуы қажет», – деді аудан басшысы.
Ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрген аудан әкімі сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.