24 шілде: Ел тарихында орын алған оқиғалар
1944 жылы Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесі «1944 жылы қазанның 1-де Алматы мемлекеттік өнер институтын ашу туралы» қаулы қабылдады. Аталмыш мекеме Алматының музыкалық-хореографиялық комбинаты негізінде құрылды. Сондықтан комбинат директоры И.Круглихин алғашқы ректоры міндетін атқарды. 1945 жылы консерваторияға Құрманғазы есімі беріліп, басшылыққа Ахмет Жұбанов келді.
2001 жылы Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы «Еменді бақта» жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
2009 жылы Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы жаңа заманауи Мұз айдыны сарайы пайдалануға берілді.
Жаңа спорт кешенінің көлемі 1800 шаршы метрден астам аумақты алып жатыр, онда жаттығулармен қатар командалық жарыстар өткізіледі.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова (1922-2008) - қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы. Атырау облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Өжеттілігі мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында соғыс ардагері, ұшқыш қыз Хиуаз Доспановаға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Атырау қаласында ескерткіш орнатылып, оның есімі бір көшеге берілген.
2016 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті мен «Қазпошта» АҚ Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына арналған «Спорт» сериясындағы пошта маркаларын шығару туралы келісімге қол қойды.