Сырдариялық еріктілер игі іске үн қосуда

Қазіргі таңда Сырдария ауданының ерікті жастары тұрғындарға көмек қолын созуда. Оның ішінде науқастарға көмек көрсетуде олар ұйымшылдық танытуда. Мәселен, бүгін ауданға қарасты Айдарлы ауылының ерікті жастары бірлесіп, ауылдық амбулаторияға құны 90 000 теңгеге қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп берді. Бұл өз кезегінде үйден ем алып жатқан науқастарға үлкен көмек.
Сондай-ақ Аманкелді ауылының еріктілері де игілікті іске үн қосты. Қазіргі таңдағы қауіпсіздіктің басты талабы маска тағу болса, аманкелділік жастар тұрғындарға медициналық бетперделерді таратты. Сөйтіп, қауіпті індеттің бетін қайтаруға ұйысқан ерікті жастар мүмкіндігінше көмектерін көрсетуде. Мұндай игі іске басқа елді мекен еріктілері де атсалысуда.
Қысылтаяң шақта еріктілердің осылайша елге жанашырлық танытуы – мақтауға тұрарлық!

