Хаттамаға түзету енгізілді: Коронавирусты емдеу шарасы тиімсіз болып шықты
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда коронавирус инфекциясын емдеу шаралары тағы өзгертілді. Клиникалық хаттамаға осымен 11-ші рет түзету енгізіліп отыр. Бірқатар препаратты алып тастады. Себебі ол дәрілер тиімсіз болып шықты. Бірақ хаттамаға қызуды басатын препараттар мен антикоагуланттар қосылды. Соның бәрін науқастарға тегін тарату жоспарланған.
Маусымның соңында денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова коронавирус инфекциясын емдеуге арналған клиникалық хаттаманың 10-шы редакциясын таныстырған болатын. Онда амбулаториялық емдеу кезінде "Гидроксихлорохин" мен
"Лопинавир"/"Ритонавир" препараттарын қолдану шаралары қарастырылды. Бұл үйде ем-дом алатындар осы дәрі-дәрмекті ішеді деген сөз. Ал ауруханада жатқандарға "Фавипиравир" да беріледі. Пневмония асқынып кетсе, тағы "Дексаметазон" қосылады.
"Бұдан бөлек, үш күн бойы дене қызуы жоғары болмаса, ал компьютерлік томография немесе рентген кезінде өкпеде оң динамика байқалса, пациентті амбулаториялық емдеуге, яғни ауруханадан ерте шығаруға шешім қабылданады", - деп жазды Бюрабекова.
Тура он бес күннен кейін коронавирус инфекциясын емдеу тәртібіне өзгеріс енгізілді.
15 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі жанындағы бірлескен комиссия клиникалық хаттаманың 10-шы редакциясына тағы түзету жасады. Дәрігерлер "Гидроксихлорохин" және "Лопинавир" сияқты препараттарды алып тастауға шешім қабылдапты. Себебі шетелдік ғалымдар бұл дәрілерді коронавирусқа қарсы қолданған тиімсіз деген қорытындыға келген.
Осы орайда АҚШ президенті Дональд Трамптың коронавирустың алдын алу әдістемесі еске түседі. Мамыр айының ортасында ол безгек ауруына қарсы "Гидроксихлорохиннің" бір таблеткасын күнде ішіп жүргенін айтқан. Бұған дейін Американың басшысы дәл осы препаратты COVID-19 ауруына қарсы тиімді дәрі деп атаған еді. Алайда зерттеулер оны растаған жоқ. Оған қоса, сәуірдің соңында АҚШ-тың санитарлық бақылау басқармасы "Гидроксихлорохинді" немесе "Хлорохинді" қабылдаған науқастардың жүрек ырғағы бұзылатынын мәлімдеді. Енді, Қазақстан ол дәріні коронавирусқа қарсы терапия кезінде қолданбайтын болды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, бүгінде "Ремдесивир" мен "Фавипиравир" коронавирустың ауыр түріне шалдыққандарға көмектеседі деген мәлімет бар. Сондықтан осы препараттар клиникалық хаттамаға енгізілді.
"COVID-19 – бұл жаңа инфекция. Әлем ғалымдары осы вирустан емделудің тиімді тәсілдерін іздеп отырады. Бүгінде оны емдеудің нақты бір әдісі жоқ. Сол себепті қазақстандық ғалымдар мен клиницистер әлемдік тәжірибені зерттеп, клиникалық хаттамаға озық әдістерді енгізіп тұрады", - дейді Ғиният.
Соңғы хаттамаға коронавирустан амбулаториялық деңгейде, яғни үйде емделу үшін дене қызуын басатын дәрілер мен инъекциялық емес антикоагулянттар да қосылды. Олардың ішінде "Парацетамол", "Ибупрофен", "Ривароксабан", "Апиксабан" мен "Дабигатран" деген препараттар бар. Денсаулық сақтау министрінің сөзіне қарағанда, осы дәрі-дәрмектің бәрі науқастарға тегін таратылады. Ал барлық шығын медицининалық сақтандыру қорының есебінен өтеледі.
"Иә, науқас тіркелген жеріндегі емханаға хабарласып, тиісті диагноз қойылса, осы препараттар тегін беріледі. Коронавирус пен пневмония – бұл негізгі диагноздар. Әрине, емхана дәрігерлері аурудың деңгейіне қарайды. Ауыр жағдай емес және үйде емделуге мүмкіндік болса, клиникалық хаттамға енгізілген препараттар пациентке емхана арқылы тегін беріледі", - деді Цой елордада өткен онлайн брифингте.
Жаңа хаттама бойынша тегін берілетін препараттардың ішінде антикоагулянттар, яғни қанды сұйылтанын дәрі-дәрмектер бар. Себебі коронавирус инфекциясының салдарынан тромбоз туындайды. Адамның қаны ұйып, тромбтар пайда болады. Осыған байланысты бүгінде ауруханада коронавирусты емдеу кезінде антикоагулянттарды пайдаланады. Бірақ стационарда ол дәріні шприцпен егеді. Ал министрлік үйде емделуге арналған хаттамаға инъекциялық емес түрлерін қосты. Өйткені антикоагулянтты шприцпен салғанда дәрігердің өзі болуы керек. Оны дұрыс салмаса, адамның басқа аурулары асқынып кетуі мүмкін.
Сонымен, дене қызуын түсіретін және қанды сұйылтатын препараттарды карантин жағдайында қалай алуға болады? Елордадағы №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табылдинаның айтуынша, медицина мамандары пневмония диагнозын бірнеше жолмен растай алады. Қазіргі жағдайда онлайн-консультация бар, я болмаса, мобильді топтар науқастың үйіне барып, аурудың белгілерін анықтайды.
"Егер дене қызуы үш-төрт күннен бері түспей, қан сынамасында С-реактивті ақуызы көбейіп, бактериалдық пневмонияның белгілері болса, біз қажетті дәріні жазып береміз. Оның барлығы дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету тізіміне кіреді", - деп түсіндірді Табылдина.
Иә, "Парацетамол" мен "Ибупрофен" сияқты препараттар тегін берілсе, алыпсатарлардың заңсыз кәсібі тыйылуы мүмкін. Дәріханадағы ұзын-сонар кезектер де азаяды. Дегенмен, бүгінде үйде жатып емделетіндердің көбісі емхана дәрігерімен онлайн-байланысқа шықпайды, мобильді топтың келгенін де күтпейді, бірден дәріханаға жүгіреді. Өйткені үнемделген ақшадан бұрын денсаулық қымбат.
Жалпы, қазіргі кезде коронавирустың таралуына қатысты сан алуан болжамдар жасалуда. Біреу пандемия енді басталды десе, енді бірі инфекция адамның ортасына бейімделгеннен кейін әлсірейді деп ойлайды. Дегенмен жаңа вирус кез келген уақытта шығуы мүмкін. Сондықтан адам оған дайын болуы керек.