Алтын қолды дәрігер

Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс.
Осындай жауапты әрі білікті дәрігерлердің бірі, COVID-19 инфекциясына қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал азамат– «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС, жан сақтау бөлімінің меңгерушісі, дәрігер анестезиолог реаниматолог Қуанышбаев Жасұлан Серікұлы.
Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – өзгелерге үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген азаматты жұртшылық «алтын қолды дәрігер» деп те атайды. Тіпті, тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын деп үмітін үзген жандардың өзін емдеп, дертін жазған білікті дәрігерді антына адал, абыройлы жан десек артық айтқандық емес.
«Мен мамандығыма жан дүниеммен берілген адаммын. Мен үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік һәм қасиетті ұғым болып саналады. Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елден де айналып өтпеді. Дегенмен келген қиындықты қайыспай көтеріп, біліктілігіміз бен ауызбершілігіміздің арқасында бәрін жеңеміз. Қызмет барысындағы қиындықтар мен шаршағанамыз халық денсаулығының жанында түк те емес. Осы індетпен күресте қызмет етіп жатқан барлық сала қызметкерлеріне соның ішінде біздің дәрігерлерге көрсетеліп жатқан халықтың зор құрметін сезініп жатырмыз. Еңбегіміз еш кетпей бұрыңғы мамыражай қалпымызға оралсақ біз үшін қуаныш сол. Халық өз денсаулығын күтіп, сақтық шараларын сақтаса біз үшін үлкен қолдау, бізге зор көмек болар еді», – дейді Жасұлан Қуанышбаев.
