Қазақстанда 16 баладан Кавасаки синдромы анықталды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда коронавирус жұқтырған 2,5 мыңға жуық баланың 16-сында Кавасаки синдромы расталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Соңғы күндері қазақстандық аналардың коронавируспен ауырып шыққан балалардың Кавасаки синдромына шалдығу жағдайына алаңдап отырғаны байқалады. Байбалам салудың қажеті жоқ. Елімізде балалардың Кавасаки синдромымен жаппай ауыру фактісі жоқ. Бұл синдром коронавирус жұқтырған 2,5 мыңға жуық баланың тек 16-сында ғана анықталды», – деді Қожахметов онлайн баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, олардың бәрі кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Науқастардың жартысы Кавасаки синдромынан толық емделіп шықты.
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Риза Боранбаеваның айтуынша, індет басталғалы Қазақстанда 2,5 мыңға тарта бала індетке шалдықты. Олардың 111-і – жаңа туған сәбилер.
Балалардың 80 процентінде коронавирус жеңіл және сипмтомсыз өткен. Тек, 20%-інің жағдайы орташа және ауыр болды. Негізінен, олар ауыр созылмалы ауруы бар балалар.
Балалар арасында коронавирустан қайтыс болғандар жоқ.