Қызылордада «Ауыл мектебі» жобасы жүзеге асырылуда

«Біздің облыста дарынды, талапты, идеяға құмар оқушылар аз емес. Оларды жан-жақты қолдау шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл біз ауыл мен қала балаларының арасындағы оқу алшақтығын жою бағытында «Ауыл мектебі» жобасын қолға алдық. Пилоттық жоба Қызылорда қаласына қарасты Махамбет ауылындағы №143, Жаңақорған ауданы Құттықожа ауылындағы №164 және Сырдария ауданындағы №132 орта мектебіне енгізілді», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Жоба аясында мектептердің оқу процесі мен материалдық-техникалық базасы зерделеніп, білім беру ортасының мониторингі жасалады. Бастысы, мұғалімдердің кәсіби сұраныстары ескеріліп, ата-аналар мен қоғамның мектеп өміріне қатысуын анықтау үшін арнайы топ құрылады. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, бұл тәжірибе барлық білім ошақтарына келесі жылдан бастап енгізіледі.
