15, 3 миллион қазақстандық МӘМС жүйесінде сақтандырылған
Kyzylorda-news.kz. Қазір МӘМС жүйесінде 15,3 млн. адам сақтандырылған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша медициналық сақтандырудан 3,4 млн. адам тыс қалған, деп хабарлады ОКҚ брифингінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов.
«Бүгінгі таңда 3,4 миллион қазақстандық Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында сақтандырылмаған. Бұл жалпы халықтың 18 пайызы. Оның ішінде 2 млн. астамы - БЖТ төлеуші, дербес төлеуші, жалдамалы жұмысшы, ЖК, жеке практикамен айналысатын азаматтар. Олардың атынан қорға тұрақты түрде аударым түспегендіктен, жүйеден тыс қалған. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 1,3 млн адам МӘМС жүйесіне бірде-бір рет жарна мен аударым жасамаған, сондықтан оларда медициналық сақтандыруда мәртебесі жоқ», - деді Б.Төкежанов.
Ол биыл 1 шілдеде медициналық сақтандыру жүйесіндегі жеңілдік кезеңі аяқталғанын еске салды. «МӘМС туралы» заң бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қорға жүйелі түрде жарна мен аударым жасаған адамдар сақтандыру мәртебесіне ие, бұған жеңілдік жасалған 15 санатқа кіретіндер қосылмайды. Алайда, ТЖ кезінде халықтың бір бөлігі табысынан және осы жарналарды төлеу мүмкіндігінен айырылды.
«Осыған байланысты Қор пандемия кезінде сақтандыру мәртебесін жоғалтқандарға көмексету үшін Үкіметке бірқатар ұсыныс жасады. Нәтижесінде медициналық сақтандыру жүйесіне 740 мыңға жуық адамды қайта «қайтардық»», - деді Медициналық сақтандыру қорының басшысы.
Азаматтар сақтандыру жүйесіне қатысу үшін жыл басынан бері ай сайын үздіксіз Қорға төлем жасауы тиіс. Төкежанов, сондай-ақ МӘМС тыс қалған адамдарды жүйеге қатысуға шақырды.
«Сақтандырылған азаматтар үшін медициналық қызметтердің көлемі мен құнына қатысты шектеу жоқ. МӘМС-ке жылына 25 мың теңге көлемінде ең төменгі төлем жасаған пациент медициналық көмекті тегін алады, ал аударған жарнасының сомасы маңызды емес», - деді ӘМСҚ басшысы.