Денсаулық министрі: Қазақстанда карантин қатаңдатылуы мүмкін
Kyzylorda-news.kz. Қазақстандықтардың карантиндік-санитарлық талаптарды сақтамауы қатаң карантиннің қайта енгізілуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Министр елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталса да, халық босаңсып кеткенін айтты.
«Бетперде кию, ара қашықтықты сақтау талаптары үнемі орындала бермейді. Бұл коронавирустың таралуына және карантин режимінің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдай қазір көптеген әлем елдерінде қайталанып жатыр», – деді Цой үкімет отырысында.
Айтуынша, карантин жеңілдетілгеннен кейін өңірлерде режим талабын бұзу фактілері 30,4%-тен 40,7%-ке дейін өскен. Он өңірде карантин режимін бұзу деректері жиілеген.
Сонымен қатар, ол адамдар маска тағу талабын да орындамайтынын атап өтті. 5-27 қыркүйек аралығында бетперде тақпағаны үшін 1 131 азаматқа айыппұл салынған.
Осыған байланысты министр әкімдерден карантин және маска режимінің сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады.