Қызылордада көшбасшы жастарға «Самғау» сыйлығы беріледі
Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов мәлімдеді.
Қызылорда қаласының жастарына арналған «Самғау» сыйлығы бұған дейін 8 жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, Қызылорда қаласынан 80 жас марапатталған.
Биыл бұл шара 9-шы рет ұйымдастырылғалы отырған «Самғау» сыйлығына құжат қабылдау 2 қараша мен 23 қараша күндері аралығында жүргізіледі.
Ереже талаптарына сәйкес сыйлыққа үміткер ретінде 14 пен 28 жас аралығындағы Қызылорда қаласының кез-келген жастары қатыса алады және арнайы құрылған комиссия қорытындысымен лайық деп табылған 10 жасқа 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталады.
«Самғау» жастар сыйлығы – 10 аталым бойынша, яғни білім мен ғылым, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, өндіріс салаларында табысты еңбек етіп, өз саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге жетіп жүрген және ерен еріктілік танытып, бейбіт күнде батырға тән ерлік көрсеткен жастарға табысталады. Сонымен қатар, қоғамның жалпы дамуына қосқан үлесі мен инновациялық идеяларына басымдық беріліп, жаңашыл бастамалары есепке алынады», – деді қала әкімнің орынбасары А.Есжанов.
Айта кетейік, қатысушының жетістіктері соңғы 3 жыл көлемінде болуы шарт және осы сыйлыққа деңгейлес байқауларда жеңімпаз атанған азаматтар қатыстырылмайды.
Қосымша ақпараттарды қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нен алуға болады.
Байланыс телефоны: 26-17-53.
Конкурс ережесімен толық танысу үшін мына сілтемеге өтіңіз.