ҒАНИ МҰРАТБАЕВ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Қазалыда салынған жастар алаңында қала жастарымен кездескен облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Қазалы дегенде Ғани Мұратбаевтың есімі бірге аталатынын, оның өмірі мен жастарды білімге шақыру жолындағы еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екендігін жеткізді. Қала жастары атынан сөйлеген Жәнібек Жұбатқанов Ғанидың ұрпақтары Ғанидың жерлестері деген атқа лайық болуға ұмтылатындықтарын айтты.
Шара спорт алаңында «Атамекен - Қазалым» атты мерекелік салтанатты жиынға жалғасты. Р.Рүстемов қала тұрғындарын мерейтоймен құттықтап, Ғ.Мұратбаевтың 115 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық Ғани Мұратбаев сыйлығы иегерлерін марапаттады.
Байқауға облыстағы аудандардан бөлек, Алматы, Тараз, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Павлодар қаласы мен Батыс Қазақтан, Маңғыстау облыстарынан іріктелген 79 жас қатысып, бақ сынасқан. Комиссия шешімімен жеңімпаз деп танылған 21 жасқа Ғани Мұратбаев сыйлығы табысталды. Мерейтой аясында спорттық шаралар ұйымдастырылып, ас берілді. Жиналған көпшілік Ретро-фестиваль және эстрада жұлдыздары Роза Әлқожа мен Еркін Нұржановтың концертін тамашалады.