ВОЛЕЙБОЛДАН АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қызылорда қаласы «Мұз айдыны» спорт кешенінде волейболдан Ауған соғысының ардагерлері арасында республикалық турнир өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Астана қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Қызылорда облыстарынан 7 команда шеберлік байқасты.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа 48-58 жас аралығында Ауған соғысына қатысқан ардагерлер сынға түсті. Нәтижесінде Алматы облысының командасы Астана қаласының ардагерлерін 2:1 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды. Үшінші орынды Қызылорда облысының командасы иеленді.
Нәтижесінде «Үздік ойыншы» номинациясымен Азат Ментаев (Атырау), Қуат Иманханов (Алматы), Сергей Любовский (Астана қ.), Ақылбек Аманов (Қарағанды), Сапарғали Мұқашев (Ақтөбе), Мырзабек Абраев (Павлодар) және «Белсенді қатысқаны үшін» Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарының командалары марапатталды.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар грамота, кубок, медаль және ақшалай сертификаттар табысталды.