ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Тамыры – терең, тарихы – кенен Қазалының қала мәртебесін алғанына 150 жыл толғаны салтанатты түрде аталып өтті.
Мерейтой аясында биыл қаланы абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 434,3 млн. теңге бөлініп, орталықтан жастар алаңы салынды. Ардагерлер алаңы абаттандырылып, қаланың 150 жылдығына арналған монумент қойылды. Бүгінгі таңда қаланың 6 көшесіне түнгі жарықшамдар орнатылды. 5 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілді.
Мерейтойға арналған шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бастаған қонақтар Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жастардың жалынды жетекшісінің рухына тағзым етті.
Мұнан соң жеке кәсіпкер Қ.Шункановтың «Ағайын» мейрамханасымен танысып, аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Ардагерлер алаңындағы қала мерейтойына арналып қойылған монументтің ашылу салтанатына қатысты.