«Nur Otan»: Аудандық партия филиалдарының кезектен тыс конференциялары өтті
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалына қарасты барлық аудандық партия филиалдарының кезектен тыс конференциялары өтті.
Оларда аудандық мәслихаттардың партиялық тізімі бекітіліп, облыстық мәслихаттың партиялық тізіміне үміткерлер мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушылар анықталды. Сонымен қатар, облыстық партия филиалының кезектен тыс өтетін ХХVIІ конференциясына қатысушы делегаттар сайланды.
Жалпы атап өту керек, облыстың барлық аудандары конференциялары қорытындысы бойынша ең жоғары рейтингісі бар праймеризге қатысушылар қатарынан аудандық мәслихаттардағы 97 орынға 194 үміткерден тұратын партиялық тізімдер жасақталды.
Талдау нәтижесіне сүйенсек, тізімдердегі әйел азаматтардың үлес саны кейбір аудандарда 4,5-5 есеге артып, 30 пайыздан асып отыр. Сол секілді 35 жасқа дейінгі жастардың да үлесі 5-6 есеге ұлғайып, 20 пайыздан асып отыр. Үміткерлердің орташа жасы 8 жасқа яғни, 50-ден 42 жасқа дейін төмендеген.
Конференциялар барысында праймериз аясында тұрғындардан түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген партияның аудандық Сайлауалды бағдарламалары бекітілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыстық партия филиалының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан аймақтық және аумақтық филиалдардың конференциялары кестесі жарияланған болатын. Кестеге сәйкес, 12 қараша, бейсенбі күні Қызылорда қалалық партия филиалының кезектен тыс ХХVI конференциясы өткізіледі. 16 қараша күні өтетін облыстық партия филиалының кезектен тыс конференциясы барысында барлық облыстық мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден Мәжіліске арналған партиялық тізімге кандидаттар анықталатын болады.