Қызылордада қызметтік борышын өтеу кезінде 5 полиция қызметкері қаза тапқан

Қазақ елінің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Пазылбек Нәлібаев бастаған қызметкерлер тобы қызмет бабында қайтыс болған полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының отбасын арнайылап құттықтау үшін Сырдария ауданына барды.
Елінің каhарманы, II-ші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат жиырма бес жасында өз өмірін қиып, ел азаматын қорғап, өшпес ерлік көрсеткен.
Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ, оның оқыған № 135 орта мектебінің ауласында ескерткіш орнатылып, мектеп сыныптарының біріне аты берілді.
«Ел тыныштығы үшін жанын қиған Талғаттың ерлігін әріптестері ұмытпайды. Ол қауіп-қатерден қаймықпай өзінің қызметтік борышын аяғына дейін орындады. Ел қауіпсіздігі үшін жанын қиған ерлерге мың тағзым дейміз! Келешек ұрпаққа олардың қайсарлықтары үлгі болады», – деді Пазылбек Машбекұлы.
Сонан соң, Талғатты тәрбиелеген Есентай аға мен Шынар апамен сұхбат құрып, олардың әңгімесін тыңдады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қозыбаев Талғат Есентайұлының ата – анасына шексіз алғыстарын білдіріп, әзірлеген сыйлықтарын ұсынды.
Айта кетерлік жайт, Қызылорда облысында қызметтік борышын өтеу кезінде 5 полиция қызметкері қаза тапты.