Қызылорда: Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 80-нен астам мәдени шара өткізіледі
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығына және қоғамдық – саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Оның ішіне 81 мәдени шара енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова баяндады.
«Биыл іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы және «Байқоңыр: Тәуелсіздік тартуы» тақырыбында Байқоңыр қаласында облыстың өнер күндері, «Парасатты поэзия» халықаралық фестивалі, «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты халықаралық суретшілер симпозиумы, сондай-ақ, «Қорқыттан қалған қоңыр үн» республикалық қобызшылар конкурсы, Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған республикалық жыршы-жыраулар байқауын өткіземіз. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» атты халықаралық әншілер конкурсы мен композиторды еске алу шаралары ұйымдастырылатын болады», – деді Мира Рахымжанқызы.
Айта кетсек, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов барлық ауданда кездесу кештерін өткізеді.