Жалағашта не жаңалық?
Kyzylorda-news.kz. Бүгін жылдағы дәстүрге сәйкес Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шаменов тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерін бастап кетті.
Биылғы жылы санитарлық талаптарды қатаң сақтауға байланысты есеп беру кездесулері онлайн форматта өткізілуде.Аудан басшысы алдымен «Zoom» бағдарламасы арқылы Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет, Мырзабай ахун, Бұқарбай батыр, Ақсу ауылдық округтерінің тұрғындарымен онлайн байланысқа шығып, өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 14 жобаға 1 млрд. 541 млн. теңге, сондай-ақ, елімізде орын алған індетке байланысты әлеуметтік мәселелерді шешуге 1 млрд-қа жуық қаражат бөлінді.Нәтижесінде, қосымша бөлінген нысаналы трансферттер арқылы аудан бюджетінің көлемі 14,1 млрд. теңгеге жетті, – деген аудан басшысы бұдан бөлек, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, жол жөндеу, құрылыс саласында көптеген жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті.
Айта кету керек, өткен жылы Аққыр бағытындағы автомобиль жолы бойында орналасқан жалпы құны 281 млн теңгені құрайтын «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Аққыр ауылындағы №188 және Мақпалкөл ауылындағы №117 орта мектептерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет, Жаңаталап елді мекендерінің электр жүйесі қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Мәдениет бағытындағы – 9,4 және Аламесек бағытындағы – 12,3 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары басталып, биылғы жылы аяқталатын болады.
Аудандық маңызы бар Бұқарбай батыр, Ақсу елді мекендеріне Жобалық құны 273,2 млн. теңгені құрайтын кіре-беріс 8,6 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары биылғы жылы жүргізілетін болады.
Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде әр ауылдың тұрғындары өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Аққыр ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шора Қалдыбеков «Оңтүстік коллектор» арнасындағы бұзылған бөгеттерді арнаға су түспей тұрып наурыз айында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізсе деген ұсыныс тастаса, Жаңаталап ауылдық округінің ардагері Сайлау Қоспанов аяқ су тапшылығын болдырмау мәселесін қозғады. Мәдениет, Мырзабай ахун, Ақсу ауылының тұрғындары елді мекендегі ішкі көшелерге жөндеу қажет екендігін мәселе етіп көтерсе, Мақпалкөл, Бұқарбай батыр ауылының азаматтары электр желілеріне байланысты мәселе қозғады.