Облыс әкімі ардагерлермен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының ардагерлерімен кездесті.
«Жыл басында Сіздермен кездесіп, елдегі ахуал жайлы пікірлесіп, жүздесуді жөн көрдім. Біз қашанда қарттарымызды ұлықтап, құрметімізді танытып келеміз. Облыста, аудандарда, ауылдық округтерде «Ардагерлер кеңесі» жұмысы жолға қойылған. Зейнетке шықсаңыздар да, қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, жастарға үлгі болып келесіздер. Алдағы уақытта аймақтағы маңызды шараларды Өздеріңізбен бірге ақылдаса отырып жүзеге асыратын боламыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында Байқоңыр кешенінің жұмысы мен Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы, денсаулық, тұрғын үй коммуналдық, жол және әлеуметтік мәселелер сөз болды.
Соңғы отыз жылда алғаш рет Байқоңыр қаласының Бас жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы салынып, қала тұрғындарына берілді. Биыл тағы бес көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Қалада барлық көп пәтерлі тұрғын үйлер мен кейбір шағын және орта бизнес нысандары газдандырылып, табиғи газды төлеу тарифі Қызылорда облысы бойынша бірыңғай тарифпен теңестірілді. Бұған қоса, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, Ақай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Төретам кентінде сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылыстары жүргізіледі.
Ал, 2020 жылы Жұмыспен қамту жол картасы аясында Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай елді мекендерінде электр желілерін реконструкциялау, көшелерді жөндеу және жарықтандыру, білім беру мекемелерін ағымдағы жөндеу жобалары жүзеге асырылды.
Кездесуде Байқоңыр қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы
Табынбай Алмақанов мен Ақай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдіріп, облыс әкіміне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, Қызылорда қаласына келген 12 ардагер «Рухани жаңғыру» және облыстық жастар ресурстық орталықтарына барып, жұмысымен танысты. Сондай-ақ, облыстық өлкетану мұражайының жұмысын көрді.
Бүгінде облыс бойынша 75 мыңнан аса зейнеткер болса, оның 5 мыңнан астамы Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылында тұрады.