ДДҰ COVID-19 пандемиясының аяқталу мерзімін атады
Kyzylorda-news.kz. Коронавирустық инфекция пандемиясы 2022 жылдың басында аяқталады. Бұл туралы Данияның DR телеарнасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық аймақтық бюросының басшысы Ханс Клюге мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Халықаралық ұйым өкілінің айтуынша, бұл жыл да коронавируспен арпалысумен өтеді. Тек, келесі жылы ғана жағдайды еңсерудің мүмкіндіктері туады.
«Ең қиын кезеңдер артта қалды. Біз 2020 жылмен салыстырғанда вирус туралы көбірек білеміз және ол кездегіге қарағанда таралу белсенділігі төмендеп келеді», – деді Клюге.
Солай десек те, ол өзінің болжамын ғана айтып отырғанын және пандемияға байланысты жағдайдың қалай өрбитінін әлі ешкім болжай алмайтынын ескертті.
«Қалай болғанда да вирус қалады, бірақ шектеулер қажет емес деп ойлаймын. Бұл оптимистік хабарлама», – деп қосты ДДҰ өкілі.
ДДҰ мәліметтеріне сүйенсек, 22 ақпандағы жағдай бойынша бүкіл әлемде COVID-19 инфекциясын 110 974 862 адамның жұқтырғаны расталды. Індет салдарынан 2 460 792 науқас қайтыс болды. Олардың көпшілігі АҚШ пен Үндістан және Бразилияда тіркелді.
Ал Қазақстанда аталған індетке 208 809 адам шалдықса, 192 733 науқас жазылып шықты. 2 540 пациент қайтыс болды.