Жаңақорған диқандары егіс алқаптарын көнеден қалған әдіспен суармақ
Kyzylorda-news.kz. Биыл суармалы су тапшылығы мәселесін шешу үшін Сыр өңірінде егінді әртараптандырумен қатар жерасты су көздерін де пайдалану қолға алынып отыр. Шығыны көптеу болса да қол қусырып қалмауды көздеген жаңақорғандық шаруалар егіс алқаптарын көнеден қалған әдіспен суарып, қалай да өнім алуға бекініпті.
Тау беткейдегі су көлемінің аздығы жаңақорғандық диқандарды біраз тығырыққа тірегендей. Осы мәселені шешу үшін биыл ата-баба дәстүрін жаңғырта отырып, Жайылма ауылының тұрғындары керіз қазу әдісіне көшіпті. Осылайша 15 метр тереңдіктен шыққан суды егін алқаптарына пайдаланбақ.
Биыл Қаратаудан келетін су көлемі тиісті мөлшерден 2 еседей аз екен. Яғни Жайылма су қоймасында 9 миллион емес, небәрі 4 миллион текше метр тіршілік нәрі жиналған. Бірақ ауылдың көнекөздері биылғы егінді ескі дәстүрлерді жаңғырта отырып, сусыз қалдырмаудың жолдарын ұсынған.
«Керіздің суын тегіс бітіріп болғаннан кейін, Жайылма өңірінде 100-150 гектар жердің шоңышқасын суаруға біздің толық мүмкіндігіміз бар. Көрші ауылдар, Бірлік ауылы, ар жағындағы бөгде ауылдар осыны келіп, көріп, осы тірлікті келешекте іске қоспақшы», – дейді Жайылма ауылының тұрғыны Құдайберген Оспанов.
Биыл Жаңақорған ауданы 36 мың гектардай егін егуді жоспарлап отыр. Тоқсан күн табаны суда тұрып пісетін көлемі азайып, есесіне суды аз қажет ететін өзге дақылдардың ауқымы артады.
«Тамшылатып суару әдісімен биылғы жылға қазір 2 гектар помидор тәжірибелік алаң деп ұйымдастырылып отыр. Ол Талап ауылдық округінде. Сонымен қатар 2 мың гектарға дейін алдағы уақытта инвестиция тартпақшымыз, помидор егуге, томат цехына», – дейді Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Ауданда табиғи ығалдылық арқылы және аквагельді пайдалана отырып, мақсары егу тәжіребиесі де сынақтан өтетін болады. Суармалы су тапшылығы осылайша агросаланы әртараптандырумен қатар суды үнемдеудің тың әдістерін іздеуге де жол ашқандай.