Қызылордада биыл 405 гектар егіс алқабы сусыз қалған
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова егісті суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Нұрымбетовты, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменовті және «Қазсушар» кәсіпорнының Қызылорда филиалының директоры Х.Бейімбетовті қабылдады.
Қабылдауда сала басшылары қазіргі уақытта облыстағы егін шаруашылығы жағдайы мен суармалы су жеткізу жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Атап айтқанда, С. Нұрымбетов биылғы нақты егілген егіс көлемі мен жағдайы, аудандар бойынша су тапшылығы орын алған егіс көлемдері мен су жеткізу барысында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтті.
Сонымен бірге, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменов Сырдария өзені бассейніндегі судың жәй-күйін баяндады.
Сондай-ақ, «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Х.Бейімбетов егістікті суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында, шаруашылықтармен бірге суды тиімді пайдалану бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Қазіргі таңда облыс бойынша 184,7 мың га егіс егіліп, негізгі дақыл күріш егісі 89,6 мың гектарды құрады. Бүгінде су алу каналдары арқылы егіске күнделікті секундына 404 текшеметр су алынуда.
Атап айту керек, өткен жылмен салыстырғанда, Нарын – Сырдария каскадының су қоймаларында судың көлемі 4,4 млрд.текшеметр аз болса, Шардарадағы жиналған су 2,3 млрд текшеметрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1 млрд текшеметрге аз, ал төменге Сырдария өзені арқылы секундына 520 текшеметрсу тасталып,2019 жылмен салыстырғанда180 текшеметрге аз болып отыр.
Бұл өз кезегінде, сумен қамтамасыз ету барысына кері әсерін тигізіп, барлық аудандардың егіс алқаптарында су тапшылығы байқалып отыр. Бүгінде облыс бойынша 1853 га күріш егісіне су жетіспей отырса, 405 га егіс мүлдем сусыз қалғандығы анықталды.
Аймақ басшысы Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты облыстың егін алқаптарын сумен қамтамасыз етуде қалыптасқан күрделі жағдайды күнделікті бақылауда ұстап, тікелей ұйымдастыруды тапсырды.
Қабылдаудың нәтижесімен, облыс әкімі сала басшыларына су тапшылығын алдын алу бағытында, бірқатар нақты тапсырма берді.
«Орын алған жағдайды қайта болдырмас үшін алдағы жылдың егісін жоспарлағанда күріштен басқа суды аз қажет ететін, тиімділігі жоғары дақылдарды егу жолдарын қарастырыңыздар», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, облыста қалыптасқан су тапшылығы мәселесін жедел шешу бойынша Үкімет пен салалық министрлікке шұғыл ұсыныс жолданатынын және алдағы күндері Үкіметте өтетін мәжілісте аталған мәселені Премьер-Министрдің назарына жеткізетіндігін айтты.