Шиеліде «Ұлт денсаулығы – басты назарда» жобасы талқыланды
Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұлт денсаулығы – басты назарда» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздықов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Қызылорда облысы филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов пен аудандағы денсаулық сақтау саласының мамандары мен қоғам белсенділері қатысты.
Кездесуде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Қызылорда облысы филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Абылайхан Рахымов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тегін медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектерді алу жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, сала мамандарының байланыс құралдарымен бөлісті.
«Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Жанат Сапаржанова ұйымның 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда облысы бойынша денсаулық сақтау саласын жақсарту бойынша «Ұлт денсаулығы – басты назарда!» жобасын жүзеге асырып жатқандығын жеткізді. Осы орайда, Жанат Айдарбекқызы жоба аясында тегін медициналық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында және Қызылорда облысынының тұрғындарының денсаулық сақтау саласы бойынша құқықтары мен мүдделерінің қорғалуының тиімділігін арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан зерттеудің қорытындысымен таныстырып өтті.
Шара соңында сала мамандары аудан тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, көтерген мәселелерінің шешу жолдарын қарастырумен қорытындыланды.
Айта кету керек, «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысында «Ұлт денсаулығы – басты назарда» жобасын жүзеге асыруда. Жобаны АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қолдау бағдарламасы аясында Еуразия қоры қолдайды.