Қызылорда: Қоғамдық көлік қызметі көңілден шыға ма?
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – қаладағы жолаушылар тасымалы болды.
Кеңес барысында қала көлемінде шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындарға қоғамдық көлік тасымалымен тұрақты сапалы қызмет көрсету мақсатында облыстық бюджеттен субсидиялауға ұсыныс білдіру мәселесі талқыланды.
Бұдан бөлек, қоғамдық көліктердің жол сызбасын оңтайландыру үшін бүгінде қала әкімдігімен мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Конкурс негізінде Алматы қаласының Көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институты қазіргі таңда зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Жаңа жол сызба құруда тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру басты назарға алынған.
Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіз қозғалысы үшін аялдамалар бойында жол сызбаларынан бөлек сәйкесінше жол белгілерін орнатуға ұсыныс білдірілді.
Кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде қала әкімінің орынбасары Е.Рахматуллаев заң аясында тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізе отырып, мекемелерге ұсыным беру бойынша жұмыстар жүргізілетіндігіне тоқталды.
Айта кету керек, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалаішілік қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін орнату бойынша Алемпай (Alempay) ЖШС-мен «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің теңгеріміндегі 103 автобусқа орнатылды. Дегенмен, электронды төлем жүйесі құрылғысын орнатуда жеке тасымалдаушылар тарапынан бүгінде белсенділік болмауда.
Осы ретте, кеңес мүшелерімен жеке тасымалдаушылар арасында электронды төлем жүйесі құрылғысын орнатудың тиімділігін насихаттау бағытындағы жұмыстарды күшейту ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға кеңес мүшелері де қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.