«Түк пайдасы жоқ»: Мәжілісмендер жастарды қолдауға арналған бағдарламаларға шүйлікті
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама жетерлік. Тіпті бұл мақсатта жыл сайын ел бюджетінен миллиардтар жұмсалады. Бірақ, әлі де үй-күйсіз, жұмыссыз жүрген жастар көп. Депуттар осы мәселені жан-жақты қарастыруға тырысты, деп хабарлайды Stan.kz.
Жауапты министрлік өкілдерінің «жастардың 96 пайызы тұрақты жұмыс істейді» дегеніне біраз депутат сенбеді. Нұротандық мәжілісмендердің айтуынша 100 жастың тек үшеуі ғана мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген.
Ал қалғандары жұмыс іздеп, шекара асып жатыр. Соның бірі – Данияр Өтегенов. Ол үш жылдан бері Оңтүстік Кореяның Танджин қаласында автокөліктің бөлшектерін тасып, нәпақа тауып жүр. Дәнекерлеуші мамандығын игерген ол бұған дейін Қазақстанда тұрақты жұмыс таба алмай, такси айдап жан бағыпты.
«Жататын жерді өзі зауыт береді. Үш мезгіл тамағы бар. Осы жаққа келіп жағдайың, бәрін туырлап алдық қой. Менімен келген балалар біразы үй алып, жағдайын жасап алғандар бар», – деді Танджин қаласының тұрғыны Данияр Өтегенов.
Ал, қағаздағы есебін оқып берген үкімет мүшелерінің мәліметінше – біздегі 2 миллионнан астам жастардың басым көпшілігі тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Жаңа бизнес идеяларды дамытуға 200 АЕК шамамен 600 мың теңгеге дейін өтеусіз гранттар беріліп жатыр. Аталған гранттарды 11 мың жас адам пайдаланып, өз кәсібін бастап кетті», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов.
Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев 600 мың теңге гранттың пайдасы аз, оның үстіне Еңбек бағдарламасынан нәпақа тауып қарық болып отырғандар шамалы екенін айтады. Бағдарлама бойынша алты ай тәжірибеден өтетін жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына ешкім бас қатырмайтынына алаңдаулы.
«Белігілі бір ұйымдардың осы жобаға қатысушы практиканттарға өтінім беретіні белгілі. Бірақ оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етпейді. Яғни бұл ұйымдар жоба қатысушыларын тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Бізде жоғарғы оқу орнын бітірген жастардың 41 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді», – деді мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Депутат Айбек Паяев жастарға ұлттық, рухани тәрбие төңірегінде мүлдем жұмыс істемей отырмыз, әлеуметтік желілер мен отандық телеарналарда жастарға қатысты хабарлар мүлдем аз деп, дабыл қақты.
Ал депутат Ерлан Саиров әр өңірде ел бюджетінен ашылған жастар ресурстық орталықтарының ешкімге қажеті жоқ деп санайды. Дипломмен ауылға бағдарламасы болса да қазір шалғайдағы ауылда жастар қалмады, сондықтан қалаға келіп жұмыссыз тентіреп жүргендердің мәселесіне нүкте қоятын кез келді деді.
Президент тапсырмасын бұлжытпай орындайтындарын айтқан депутаттар: «барлық кем-кетікті түзеп, нақты ұсыныстарды Парламентте көтереміз» деп тарқасты.