Қызылордада 2 млн 700 мың теңгенің затын ұрлаған ұры ұсталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны арызданды.
Жәбірленушінің айтуынша түскі уақыт 15:40 шамасында ұры үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, үйінің кіре-беріс темір есігін бұзып кіріп, шкаф ішінен 7-дана алтын алқа, 2-дана алтын білезік, 9 дана алтын сырға, 3-дана алтын сақина, күміс бұйымдарын және де әмиянынан ақша ұрлаған. Осылайша жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын 2 700 000 теңгені құрады.
Қызылорда қаласы Полиция басқармасы қызметкерлері бұл мақсатта жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде «ізін суытпай» 30 жастағы бұрын сотты болған, қала тұрғыны күдікті азамат ретінде тәртіп сақшыларының қолына түсті. Жәбірленушіге ұрланған заттары толықтай қайтарылды.
Күдікті Қызылорда қалалық ПБ-ның УҰИ-на қамауға алынды.
Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3 тармағы (Ұрлық, тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктінің өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.