Қызылорда қаласының әкімі тағайындалды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласының әкімі болып Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды.
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен актив жиынында жаңа қала әкімін таныстырды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды.
Ғанибек Қазантаев 1960 жылы Қызылорда облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылы Жалағаш аудандық 9-шы жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде бастаған. 1983-1992 жылдары Қызылорда облысындағы құрылыс ұйымдарында мастер, аға жұмыс өндіруші, өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, 3-ші ауданаралық мамандандырылған жылжымалы механизацияланған колоннаның бас инженері.
1992-2013 жылдары «Нефтегазстрой Кызылорда» корпорациясының президенті, «Ай-Дан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «ССК «Ақмешіт» акционерлік қоғамының президенті, «Ай-Дан Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Сырдариямұнай» акционерлік қоғамының бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Kazpetrol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры.
2013-2019 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған.
2019 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.