Ғанибек Қазантаев мектеп түлектерін құттықтады
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев бірқатар ұстаздар мен жас түлектер және ата-аналармен «Zoom» арқылы онлайн байланысқа шығып, кезекті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Шаһар басшысы алдымен барша түлектерді «Соңғы қоңырау» салтанатымен құттықтап, әрдайым білім алудан жалықпай, талмай ізденіп, ел тұтқасына айналуға тілектестік білдірді.
«Алда үлкен жауапты сәт – Ұлттық Бірыңғай тестілеу науқаны келе жатыр. Бұл сіздердің үлкен өмірге басатын қадамдарыңызға жетелейтін алғашқы сынақ, сол сынақтан ойдағыдай өтіп, жоспарларыңыздың жүзеге асуын тілеймін», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар түлектердің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай табанды қызмет атқарып, сапалы білім берген ұстаздардың еңбегі ерекше екендігін атап өтіп, педагогтарға ерекше ықыласпен алғысын білдірді.
Өз кезегінде №176 орта мектеп директоры Қадыркүл Шаймағанбетова ерекше мерекеде ұстаздардың еңбегін елеп, шәкірттердің талабын, жаңа өмірге қадамын қолдаған қала әкіміне ризашылығын жеткізді.
Онлайн кездесуде түлектер тарапынан «Алтын белгіге» үміткер – №136 мектеп-лицейінің жас түлегі Дильназ Алматқызы сөз алып, қатарластарына ізгі лебізін жеткізіп, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге сәттілік тіледі. Ал ата-аналар атынан сөз алған Айнұр Әлиева ұстаздардың ұрпақ тәрбиесіне арнаған еңбектеріне алғыс айтты.
Айта кетейік, 2020-2021 жылдары Қызылорда қаласындағы 55 жалпы білім беретін мектепте 66 597 оқушы білім алса, биылғы бітіруші 2254 түлектің 182-і «Алтын белгіге», 139-і «Үздік аттестатқа» үміткерлер.