Қызылордада ҚАЖ департаменті бастығы сәбилер үйіне барды
Kyzylorda-news.kz. 1 маусым-Балаларды қорғау күніне орай, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет подполковнигі Шаймерден Есенкелдиев облыстық мамандандырылған сәбилер үйіне барды.
Департамент ұжымы қызметтік міндеттерінің қиындығы мен қауырттығына қарамастан, мереке сайын сәбилерге қуаныш сыйлап, түрлі сыйлықтар тарту етіп, осындай ізгі амал жасауды дәстүрге айналдырған.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді дана халқымыз. Балалар- біздің болашағымыз, сондықтан оларды қолдауымыз керек. Бүгінгі бүлдіршіндер- еліміздің ертеңі мен болашағы. Келер күннің айнасы. Оларды қуанышқа бөлеу – біздің парызымыз. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті ұжымы дәстүрлі түрде мереке сайын балаларға қуаныш сыйлаймыз. Бүгін де сәбилерімізге ең қажетті ойыншықтар тарту еттік», – деді департамент бастығы Шаймерден Есенкелдиев.
Бүгінде 100 жылдық тарихы бар облыстық мамандандырылған сәбилер үйінде жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ақыл-ойының дамуында ақаулықтар кездесетін 1-4 жас аралығындағы 60-қа жуық балалар тәрбиеленуде.
Облыстық мамандандырылған сәбилер үйінің қызметкерлері департамент бастығы Шаймерден Тәжіқұлұлына және ұжым қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.