Қызылордалық полицейлер Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті
Kyzylorda-news.kz. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін барша қазақстандықтар айтулы мереке ретінде атап өтіп келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері Мемлекеттік Рәміздер – Ту, Елтаңба, және Гимн Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтықтың жарқын көрінісі.
Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың рухын, қаhармандығы мен даналығын, асқан арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Айтулы күнге орай, Қызылорда облысы ПД-ті Арал ауданының Полиция бөлімінің жеке құрамы барлық санитарлы-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аудан орталығында орналасқан Рәміздер алаңында салтанатты түрде сапқа тұрып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін шырқады.
Іс-шара барысында бөлім бастығы полиция полковнигі Әміржан Өтегенов бөлімнің жеке құрамын 4-маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей, әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болуына өз тілегін жеткізді.
«Бұл мереке барлығымызды біріктіре түседі, ұлттық сананы қалыптастырады, патриоттық сезімді оятады, азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу-бүгінгі,ертеңгі ұрпақтың парызы » – деп атап өтті бөлім бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Айгүл Байоразова.