Қызылордада мал ұрлығы азайған
Kyzylorda-news.kz. Биыл аймақ прокурорлары бұрын сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу мақсатында жұмыс тобын құрды. Нәтижесінде екінші рет қылмыс жасайтындардың саны 23 пайызға азайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мәлімдеді.
Сондай-ақ, қылмыс жасауға бейім 7 мыңға жуық адам тәуекел тобына жатқызылды. Олардың жеке тізімі жасақталып, қауіптілігі бойынша үш санатқа бөлінді.
«Есепті кезеңде жүргізілген профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде қылмыстылық 14 пайызға төмендеді. Бұған қоса, мал ұрлығы да 18 пайызға азайды. Сонымен қатар, жыл басынан бері қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жаңа форматтағы қылмыстық процесс аясында жүргізілуде. Полиция органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізетін 316 автоматтандырылған жұмыс орны қажетті техникамен жабдықталды. Нәтижесінде еліміздің басқа өңірлерінің ішінен облысымыз қылмыстық іс жүргізудің электронды форматы бойынша үздік үштіктің қатарына енді», – деді Мақсат Бейсенбекұлы.
Бүгінде облыс прокурорлары қылмыстық процестің үш буынды моделі арқылы жұмыс істеуде. Яғни, полиция қылмысты ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды. Дәлелдерді жинақтап, бекітеді. Ал прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды. Сот органға түскен шағымдарды қарап, түпкілікті шешім қабылдайды.
«Жаңа форматта іс жүргізу нәтижесі тергеу сапасының жоғарлауына, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғауына алып келіп, бірқатар оңды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында 3717 процессуалдық шешім бекітілсе, 341-нен бас тартылды», – деді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетов.