Жалағашта жабық бассейн кешені ашылды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін аудандарға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жалағаш ауданына аялдап, Жалағаш кентін газға қосу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ерекше күнде ауыл ақсақалы Оспан Жанұзақов игі істердің жалғасын тауып, ел несібесінің мол болуын тілеп, көпшілікке ақ батасын арнады.
Елді мекендерді газға қосу Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген. Жалағаш кентінің газдандыру жұмыстарына 3 млрд. 691 млн. теңге бөлініп, бас мердігер «StroyGazCompany» ЖШС құрылыс жұмыстарын толық аяқтады.
Мұнан соң облыс әкімі жаңадан салынған жабық бассейн кешенін ашты. Жаңа үлгідегі бассейн халық игілігіне қызмет етіп, салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізеді деп сенім білдірген Гүлшара Әбдіқалықова бұл нысан Астана күніне тарту болып отырғанын тілге тиек етті.
Жеке кәсіпкер Қайыржан Құлтекеновтың жеке қаражаты есебінен салынған басейннің жоба құны 350,3 млн. теңгені құрайды. Жүзу бассейнінде бір уақытта 20 адам қабылдауға мүкіндігі бар. Алдағы кезеңде оқушыларға арналған тегін жүзу үйірмесі ашылмақ. Үйірмеге 20-ға жуық оқушы қабылданып, көпбалалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасының балаларына жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтар мен қарттарға күніне 1 сағат тегін кіруге жағдай жасалған.
Шара барысында ардагер Раушанбек Смағұлов аудан тұрғындары атынан алғысын жеткізіп, батасын берді.
Іссапары кезінде облыс әкімі Рәміздер алаңының құрылыс жұмыстарын көріп, «Бизнеске арналған Үкімет» кәсіпкерлер Үйі жұмысымен танысты. Сонымен бірге алдағы ауыл әкімдерінің сайлау науқанына дайындық барысын саралады.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Аққыр ауылдық округінде жалғасты. Мұнда ауыл тұрғындарымен кездесіп, дәрігерлік емхананың жұмысын көріп, екпе жұмыстарының қарқынын бағдарлады. Кездесуде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы талқыланды, маңызды мәселелер көтерілді. Округ тұрғындары ауылдық клубтың қажеттілігін айтып, ұсынысын білдірді. Өз кезегінде облыс әкімі әлеуметтік нысандарды салу Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалғандықтан, сұранысқа сай жаңа ғимараттарды салу кезектілікпен жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, Жаңаталап және Мырзабай ахун ауылдық округтерінде де тұрғындармен кездесіп, мәселелерді саралады. Мырзабай ахун тұрғыны, еңбек ардагері Қасым Кәрімбаев Астана күні мерекесіне орай Сыр еліне арнап құттықтау лебізін жеткізді.
«Қазақта «біріккен білек жер қопарады» деген әдемі тәмсіл бар. Елдің бірлігінің арқасында биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдығын қарсы алып отырмыз. Бұл жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығайып, бірқартар жетістіктерге жеттік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының туған күнімен түспа-тұс келген Астана күні баршамызға құтты болсын. Елімнің амандығын, Тәуелсіздігіміздің мәңгі болуын тілеймін», – деді ардагер.
Мұнан өңір басшысы Мырзабай ахун ауылдық округіндегі алма бағына аялдады. Алма бағында биыл 12 гектарға 8 мың түп алма егілген. Жеке кәсіпкер Ерұлан Өмірсеріков жеміс алғашқы өнім 2023 жылы беріледі деген ниетте. Облыс әкімі алма бағының иесіне сәттілік тілеп, жеміс-жидек өнімін өндіру арқылы жергілікті нарықты толтырудың қажеттілігін атап өтті.
Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Асылбек Шаменовке су тапшылығына байланысты егін алқаптарын суару жұмыстарын кестеге сәйкес жүргізу, вакцинация жұмыстарын кең көлемде ұйымдастыруды тапсырды.