Жалағашта «Бір жыл, бір баспана» қайырымдылық қоры тұрғын үй құрылысын бастады
Kyzylorda-news.kz. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Өмірбекұлы аудандағы әр түрлі салада еңбек етіп, мемлекеттік жастар саясатының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар белсенді жастарды марапаттады.
Олардың қатарында Жайдарман сайыстарының республикалық премьер-лига ойындарының қатысушылары «Аққыр» құрамасы, «Жалынды жас» еріктілер тобының белсенді мүшелері, «Бір жыл, бір баспана» ерікті студенттер бастамасының жетекшісі, білім беру, медицина, полиция саласы, гранттық байқаулар жобасының жеңімпазы, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау шебері бар. Бүгінгі күні ауданда 7970 жас тіркелген. Бұл жалпы халық санының 22,7 пайызын құрайды.
Айта кетейік, жастар арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 4 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.
Биылғы жылы студент жастардың бастамасымен «Бір жыл, бір баспана» атты қайырымдылық тобы құрылып, тұрмысы төмен кент тұрғынына ерікті жандарды тарта отырып, тұрғын үйдің іргетасы қаланып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.